Ұл балаға бата. Фариза Оңғарсынова

Фариза Оңғарсынова
Қарияларға бата

Түндерің тыныш болсын,
Үйлеріңе ырыс толсын!
Келіндерің есті болсын,
Ұлдарың сесті болсын.
Балаларың қуаныш әкелсін,
Немерелер жұбаныш әкелсін.
Орындарың төр болсын,
Дастарқандарың мол болсын.
Қатарларың көп болсын,
Уайым — қайғыларың жоқ болсын.
Жастардың қазасын көрмеңдер,
Зұлымдардың жаласын көрмендер!
Еліңде бірлік болсын,
Жарасты тірлік болсын!
Әумин!

***
Ұл балаға бата
Жүсіптің дидарын берсін,
Мұхамбеттің иманын берсін,
Жанына даланың кеңдігін берсін,
Әзірет Әлидің ерлігін берсін.
Абылайдың байрағын берсін,
Бауыржан батырдың айбарын берсін!
Еліне ырыс — құт орнасын,
Жеріне тыныштық орнасын!
Өсек — аяңның құрбаны болмасын,
Озбырлардың шұлғауы болмасын!
Алыс жолдарда,
Қалың орманда,
Тайғанақ құздарда,
Шатқалда, мұздарда,
Көлденең келер қазадан,
Жазықсыз төнген жазадан,
Әулие — әнбиелер қорғасын,
Ата — баба рухтары қолдасын!
Әумин!

***
Қыз балаға бата
Талдай бой берсін,
Сұңғыла ой берсін,
Жаздай жамал берсін,
Қардай жанар берсін!
Анаға шуақ болсын,
Ағаға қуат болсын,
Нәзік жаны болсын,
Елінің ары болсын,
Басына өнердің бағы қонсын,
Ақ орданың шамы болсын!

***
Жас жұбайларға бата
Сезімнің пәктігін берсін,
Көңілдің ақтығын берсін,
Жылулы отбастарыңа
Сәбидің шаттық үнін берсін!
Пейілдерің тарылмасын,
Есіктерің жабылмасын,
Шаршап — шалдыққандар
Төрлеріңде дамылдасын!
Көлденең кеселден сақтасын,
Күңкіл өсектен сақтасын,
Дау — жанжалдан сақтасын,
Достан көңіл қалғаннан сақтасын!
Шайтанның азғыруынан,
Елдің жазғыруынан сақтасын!
Асып — тасқаннан сақтасын,
Алшаң басқаннан сақтасын!
Отауларың елге сән болсын,
Өмірлерің бал болсын,
Бибі Фатима анамыздың
Аруағы өздеріңе жар болсын!
Әумин!

***
Жақсы адамның белгісі –
Адалдықтан аттамас,
Аңқауларды даттамас,
Қара бастың қамы үшін
Жазықсыздың намысын
Біле тура таптамас,
Білегінен сескеніп
Биліктіні жақтамас.
Жақсы адамдар бір — бірін
Жәбірлемес, жасқамас,
Жау қолына тастамас.
Бақ, билікке таласқан
Өтті талай шақша бас.
Ондайды елі мақтамас.
Көргенді елдің бірлігі
Ошағынан басталар,
Сыйлас, сырбаз тірлігі
Қосағынан басталар.

***
Тату болса ағайын
Жаулары да жасқанар.
Бірлігі жоқ сарайың –
Қүр әншейін тас қамал.
Ақылдының белгісі –
Жас та болса, бас болар
Ақылсыздың белгісі –
Қарны тойса, мастанар.
Тату — тәтті жүргенге
Қара су да ас болар.
Жақсы азамат — елінің
Көзін ашар күрегі,
Артып үміт сенімін
Сүйенетін тірегі,
Жарқылдаған жігері,
Алтын балақ түлегі.
Қолдар ондай жігітті
Ел — жұртының тілегі.
Фариза Оңғарсынованың басқа өлеңдерін қарау


Фариза Оңғарсынова бата тілектер баталар жинағы бата тілектер жинағы

© Бата-тілектер дереккөзі

Тілек сізге ұнаса, достарыңызға бөлісіңіз?
Тілек құттықтау