Құйрық — бауыр асату салты

Құйрық — бауыр асату салты
«Ұлың өссе – ер жеткені, қызың өссе – бой жеткені» деп білген халық ұл бала ер жетіп, қыз балиғатқа толғаннан соң, әр ата — ана «ұлын ұяға, қызын қияға қондыруды» өзіне парыз деп білген. Мұндағы «балиғаттық жас»деп қазақта қыз баланың 13 — ке толғанын атаса, ұл баланы «ер жетті» деп танып, «он үш жас отау иесі» деген қағиданы ұстанған. Жасөспірімдік шақтың соңы 16 — 17 жасты белгілеген.

Халық исламдық шариғат ережелерін ұстанғандықтан үш нәрсені басты қағида: «қызың бой жетсе, тезірек ұзату, намазды уақытынан оздырмау, сонан соң қайтыс болған адамды арулап, ел — жұртымен қоштастырып, кешіктірмей жер қойнына тапсыру. Қалған асығыстың бәрі шайтанның ісі», — делінеді. Бұдан біз ата — бабаларымыздың ұлды ерте үйлендіріп, қызды да тезірек ұзатуды мақсат етуінде өзіндік сыр бар екенін ұғынамыз. Ата — ананың тілегі – ұрпағы өсіп, ел болса екен, шаңырағы биік боп, үй болса екен деген мақсат — мүддені анық байқаймыз.

Үйлену салтындағы осы дәстүрді XX ғасырдың орта шеніне дейін қазақ жерінде, сондай — ақ шет елде тұратын қазақтар арасында біраз уақыт сақталып келді. XX ғасырдың соңғы жылдарында жастар 20 — 25 жас аралығында үйленіп, тұрмыс құратын болса, соңғы уақытта некелесу 28 — 30 жасқа дейін ұзарып келе жатқандығы етек алып барады. Бұл мәселе өз алдына бір төбе. Алайда біздің мақаладағы көтеретін мақсатымыз – қазақ арасында сақталып келе жатқан кейбір салт — дәстүр мен жоралғылар.

«Үйірі басқаны ноқта қосады, атасы басқаны неке қосады» деп білген атам қазақ «ұлыңды ұрымға, қызыңды қырымға» деген заңдылықты ұстанып, неғұрлым алыс жерден қыз алып, қыз берісуді жөн деп тапқан. Ондағы негізгі себеп, қазақ өз арасында кем дегенде жеті ата араламаған ру ішінде бір — бірінен қыз алысып, қыз беріспеген, қан тазалығын сақтап, ақыл — есі дұрыс, дені сау ұрпақ өсіру мәселесін ерте баста — ақ ойластырған. Сондықтан да болар, бабаларымыз дүниеге ұл келсе, «шаңырағым биіктеді», «қыз туылса, «өрісім өсті» деп қуанған. Елмен елді жақындастырып, халықтың бірлігі мен татулығын ойлаған қазақ қыздарын да ерекше бағалап: «астың дәмін кіргізген тұз әулие, елдің сәнін келтірген қыз әулие» дейтін нақыл сөздің де мәнісі тереңде жатқанын түсіну әр қазаққа түсінікті — ақ. Үйлену салты негізінен құдалық, үйленуге дайындықтар, той және тойдан кейінгі әдет — ғұрыптар сияқты түрлі салт — дәстүр мен жоралғылардан тұрады. Солардың бірі «Құйрық — бауыр асату» салты. «Құйрық — бауыр жедің бе, құда болдым дедің бе» демекші, бұл құдалық кезінде көрсетілетін рәсімнің ұлттық салт — дәстүрімізде орны ерекше. Құйрық — бауыр қазақ дәстүрінде құда болудың заңды белгісі – құжаты болып бекітілген.

«Қонақ аз отырады, көп сынайды» деген қағиданы ұстанып, үй иелері құдалар алдында сыпайылық танытып, шашу шашып, дастархан жайып, ерекше құрметпен қарсы алады. Құдаларға «құйрық — бауыр» пісіріп, арнайы сый әкеледі. Әкелуші әйел «бауырдай жақын, құйрықтар тәтті болыңдар» деп тілек білдіріп, барлық қонақтар мен құдаларға ауыз тигізеді. Әдетте қазақ арасында әзіл — қалжыңсыз, ойын — сауықсыз бір де бір той өтпейтіндігі әркімге белгілі. Сондай — ақ осы «құйрық — бауыр асату» салтында да қалжың өлеңдер мен қағытпа сөздер айтылмай қалмайды. Сондай құйрық — бауыр ұсынылғанда айтылатын өлеңдерді дәстүрлі құдалыққа жиналған кезде айтылатынын естіп жүрміз. Оның мәтіні көбіне былай айтылады:

Құда, құда дейсің — ау,
Құйрық — бауыр жейсің — ау.
Құйрық — бауыр жемесең,
Несіне құда дейсің — ау.
Үлкен құда, бас құда,
Кіші құда, жас құда.
Құйрық — бауыр әкелдім,
Ауызыңды аш құда.
Үлкен құда ардақты — ай,
Кіші құда салмақты — ай.
Құйрық — бауыр асатам,
Тістеп алма бармақты — ай.
Үлкен құда әнекей,
Кіші құда мінекей.
Құйрық — бауыр асатам,
Кәделерің қанекей!?

«Әр елдің салты басқа, иті қара қасқа» демекші, бұл өлең әр аймақта әр түрлі айтылып жүр. Ал Жетісу өңірінде айтылатын «құйрық — бауыр» жырының құлағымда қалғаны бар. Бұл өлең шумақтарын анам Ажар Нүсіпқызының аузынан жаттап алғаным бар. Анам орынды жерде әзіл айтып, жұртты күлдіріп жүретін еді.

Сол өлең шумақтарын келтіре кетуді жөн санап отырмын. Мүмкін, тойлар мен жиындарда айтып отыруға керек болып қалар деген ниетпен көпшілікке ұсынамын.

Біздер келдік бір үйге домбыра алып,
Домбыраның құлағын оң бұрадық.
Алдыңызға әкелдім құйрық — бауыр
Әзіл — шыны аралас әнге салып.
Құда, құда дегізген,
Құйрық — бауыр жегізем,
«Жей алмаймын» демегін,
Май әкелдім семізден,
Құдағидың жамалы — ай,
Мақтауға сөз табам — ай.
Құйрық — бауыр жеген соң,
Маған шапан жабады — ай.
Үрсін — дүрсін, ендеше, үрсін — дүрсін,
Қуанғанда, құдаша, жүзің күлсін.
Құйрық — бауыр салты ғой қазағымның,
Берем десе кәдесін өзі білсін.
Бұзау — тайлақ айдап па ең,
Құлын — бие байлап ең?
Құйрық — бауыр жеген соң,
Апталап жат, айлап сен.
Құда, құда деген біз,
Бізде бауыр жегенбіз.
Құйрық — бауыр жеген соң,
«Құдам қандай!» — дегенбіз.
Арпа бидай ас екен,
Алтын — күміс тас екен.
Балаларым ер жетті,
Қызық деген осы екен.

Қазіргі кезде өз жанынан қолма — қол сөз шығарып, жыр айтатын адамдар мүлде жоқтың қасы. Ауыз әдебиетіндегі тұрмыс — салт жырларын көпшілік қауым ұмытуға айналды. Қазір құйрық — бауыр ұсынғанда бұл өлеңді сол елдің әйелдері жаттап алып айтып жүр. Кейде арнайы ақын жанды адамды алдырып, ән айтқызуды да үрдіске айналдырған. Ал кей жерде жай әншейін сөзбен ғана «ата — дәстүр салтымыз, құйрық бауыр асату» деп хабарлай салады да, жай халық әндерінің бірін айтады. Бұл үрдіс жалғаса берсе, біздің керемет дәстүріміз жоғалып қана қоймай, бүкіл бір елдің мәдениеті де жойылады деген сөз емес пе!

Үйлену тойларында «құдалық жыры», «той бастар», т. б. өлең — жырлар айтылса, нұр үстіне нұр болар еді. Мұндай өлең — жырлар тойшыл қауымды бір серпілтіп, ерекше сезімге бөлейді, сондай — ақ ұлы дәстүрімізді жандандыра түсері де анық. Той өткізіп жүрген бүгінгі асабалар мұндай өлеңдерді қазіргі заман ыңғайына орайластыра әзірлеп елге таратса, олардың бұл ісін ұлттық дәстүрді насихаттауға қосылған сүбелі үлес деп білер едік.

Қарлығаш Шота, профессор

Дереккөзі: dasturkb. kz


Құйрық бауыр асату салты қазақтың салт дәстүрлері

© Бата-тілектер дереккөзі

Тілек сізге ұнаса, достарыңызға бөлісіңіз?
Тілек құттықтау