Жаңа жылға арналған тілек | Бата, тілектер

Баяғыда бір жақсы адам өмір сүріпті. Өзі жомарт, қайырымды, әрі асқан ақылды адам екен. Жасы жүзге жеткенде әлгі адам қатты сырқаттанып (ауырып) қалыпты. Ажалды күтіп бүк түсіп үйде жатқанда, бір күні оның есігін біреу тақылдатып қағыпты. 
«Бұл кім?» деп сұрапты жақсы адам. «Мен – Махаббатпын, саған көмектесейін деп келдім, есігіңді аш» — депті қонақ.

Жақсы адам оған: «Махаббат, сенің маған керегің жоқ, көмектесе алмайсың, рахмет, қайта бер» деп, есікті ашпапты. Біраздан соң, есікті тағы біреу тақылдатыпты. «Кімсің?» деген сұраққа ол: «Мен – Байлықпын! Сендей жақсы адамға көмектесуге келдім. 

Ауруыңды емдей алам ба?» деп жауап беріпті. Жақсы адам:«Рахмет, Байлық, сен маған керек жоқсың енді» деп, есікті ашпапты. Біраздан соң, тағы біреу ақырын ғана қағыпты. «Кім бұл?» деп сұрапты жақсы адам. «Мен — Денсаулықпын, парасатты адам!» — депті есіктің сыртындағы қонақ. Жақсы адам сүйретіліп барып, есікті ашып жіберсе, ар жағында үш жігіт тұр дейді. 

«Денсаулық, сен біреу емессің бе? Мыналар кім?»- деп таң қалыпты жақсы адам. Сонда: «Денсаулық болған соң, біз де боламыз ғой міндетті түрде» деп, Байлық пен Махаббат жымиып күліп, Денсаулықтың екі қолынан ұстап, босағадан кіріп келе жатыпты.

Құрметті достар, Жаңа жылда бәріңіздің шаңырағыңызға дәл осылай Денсаулық, махаббат және байлық үшеуі бірдей қол ұстасып кіріп келсін және ешқашан қайтып шықпасын!


Жаңа жылға арналған тілек бата тілектер жаңа жылдық құттықтау

© Бата-тілектер дереккөзі

Тілек сізге ұнаса, достарыңызға бөлісіңіз?
Тілек құттықтау