Бата (Тойда берілетін бата)
Аяңда, аяңдасаң, қаракердей,
Сөз таптық қапияда қайлалы ердей.
Той бастап жолдық енді алғаннан соң,
Біз сонда кетеміз бе бата бермей!
Әуелі бір Құдайым басын берсін,
Екі елі ұзақ ғұмыр жасын берсін.
Дұғамыз мүшәуратта қабыл болып,
Шын күміс, алтын аяқ тасын берсін!
Онан соң бір Құдайым бақыт берсін,
Дәрәжә, өзіңізге тахит берсін.
Дұғамыз мүштәрәкта қабыл болып,
Он жігіт күзетшіге сахит тұрсын!
Онан соң бір Құдайым миды берсін,
Үстіңе ақ күмбездей үйді берсін.
Үстіңде ақ күмбездей үйің болып,
Ішіне лайақаттап күйді берсін!
Жиһазын ақ ордаңда толып тұрсын,
Үйіңе қонақ-қопсың қонып тұрсын.
Терісін бес биенің саба қылып,
Қымызың жүз кісіге болып тұрсын!
Самаурын төрт-бес жерден қайнап тұрсын,
Бұлбұл құс тұғырымда сайрап тұрсын.
Үстінде түркпен кілем жабуменен,
Белдеуде төрт бедеуің ойнап тұрсын!
Ақ отау ойға тіккен қырға қонсын,
Ақ жүзің алақандай нұрға толсын.
Мүстәжәп менің батам қабыл болса,
Үйіңе Қыдыр ата келіп қонсын!
Қара су мал жериді лайынан,
Тілей көр күнде тілек Құдайыңнан.
Мал-басың дәулетіңмен бірдей өсіп,
Бір Құдай айырмасын жұбайыңнан!
Шырағым, қадірлі екен қара басың,
Ауызға бал татиды берген асың.
Мүстәжәп менің батам қабыл болса,
Алдыңнан ақ күн туып, жарылқасын!