Ұзату тойына арналған тілектер | Бата, тілектер

Ұзату тойына арналған тілектер

Бүгін сіздердің назарларыңызға «Ұзату тойына айтылатын тілектер» топтамасын ұсынамыз. Тілеген тілектеріңіз қабыл болып, қыздарыңыз барған жерінің бағын ашып бақытты болсын! «Жол мұраты — жету, қыз мұраты – кету» дейді. Оны ұғынсақ та, бауыр етінен жұлып алғандай етіп қызын өзге жұртқа аттандыру кімге болса да оңай емес екен. Дегенмен, теңін тауып, ата — анасының, туған — туыстарының ризашылығымен кетіп бара жатқаны көңілге қуаныш ұялатады.

Қолымыздан ұшып бара жатқан қызымыздың қонған жері құтты болсын! Барған еліне тастай батып, судай сіңсін! Құдай қосқан жарына бақ болып қонсын, қосағымен қоса ағарсын! Құда — жекжаттарымызға айтарым, бір — бірімізге деген жылы ықыласымыз суымай, сыйластығымыз жоғалмай екі жастың қызығына кенелейік. Той сіздерге де құтты болсын! Екі жас бақытты, өмірлері ұзақ болсын!

Ұзату тойына

***
Баяғыда Төле би бабамыз жаудан қалған бір жасар баланы тауып алып, оны бір келініне әкеліпті: «Бір жылдан кейін тексеремін, өз балаңа қалай қарасаң, бұл балаға да солай қара» деген екен. Бір жылдан кейін қараса, келіннің өз баласы топ — томпақ, ал атамыздың қалдырған баласы ап — арық. Сонда келіні: «Ата, екі баланы бірдей еміздім. Сүтімді тең бөліп бердім. Бірақ неге олай болғанын түсінбей отырмын» дейді. Сонда Төле би атамыз: «Балаға ең алдымен сүт емес, ананың мейірімі керек. Сен мейіріміңді өз балаңа төккенсің, ал бұл балаға сондай мейіріммен қарамағансың» деген екен. Сол айтпақшы, сіздер де екі балаға бірдей мейіріммен қарайды деген сенімдеміз. Қызымыздың барған жерінде бағы ашылып, бақытты болсын дейміз.

***
Кез — келген әке — шеше ең алдымен ұлын емес, қызын ойлайды. Жақсы жерге барып, барған жерінде бағы ашылса дегендей. Шын мәнінде, қыз баланы ұзату оңай шаруа емес. Қыз деген әрқашан да отбасының берекесін, жақындарының амандығын ойлап жүретін сондай бір жанашыр адам. Ал, қыздың әкеге деген қандай жақын екендігі ол бәрімізге белгілі. Сондықтан отбасында қыздың орны ерекше.

Сондай баланы бауыр етінен жұлып алып, басқа жұртқа аттандыру ол, әрине, қиын жағдай. Дегенмен, өмірдің заңы солай, теңіз бен теңіз, адам мен адам қосылады. Барған жерінде судай сіңіп, тастай батып жатса, нағыз абырой сол емес пе? Сондықтан бүгінгі ұзату тойыңыз құтты болсын. Қытайдың ұлы философы айтқан екен «Мың шақырымдық жол алғашқы қадамнан басталады» деп. Бүгінгі күн қызыңыздың сондай бір бақытты, мазмұнды, ұзақ өмірінің бастауы болсын.

***
Жаман келіншектің екі пышағы болады екен: біреуі қолында, біреуі – тілінде. Қолындағысымен нанын турайды, тіліндегісімен жаныңды турайды. Ал, жақсы келіншектің үш белгісі бар: жүзінде күлкі бар, қолында қонақ келгенде нан жаятын оқтауы бар, күйеуіне ашуы келгенде тілінде тоқтауы бар. Тіліне еге болады деген сөз ғой. Сондықтан тілек — екі пышағы бар емес, үш белгісі бар жақсы келіншек бол, айналайын! *** Адам беру біреуге оңай емес қашанда, өмір заңы осы ғой – салт — дәстүрден қашамыз ба?! Өзіміз де қыз болдық, еріп кеттік сезімге – айналайын құрдасым, кетті қыз деп езілме! Барған жерде ашылсын бағы қыздың деп тіле, біздің қызды әкеткен күйеу бала да епті ме? Ұзағынан сүйіндірсін ылайым, жақсы болса күйеу бала – неге бүгін жылайын?!

***
Қызымыздың қонған жері құтты болсын! Денсаулығы мықты болсын! Жүрегі оның түкті болсын, сауған малы сүтті болсын! Өзге елде қадірі арта берсін! Енесі мен анасын бірдей көрсін, көпбалалы ана болып, гүлдей берсін!

***
Қадірлі қонақтар. Бүгінгі қуаныш иелері! Ағалар, аналар! Іні — қарындастар! Осы ақ дастархан басында адал ниетпен жиналып отырған құда — жекжаттар! Тойға келіп отырған жаңа құдаларға «төрге шыққандарыңыз құтты болсын!» демекпіз. Құдалықтарың мың жылға ұлассын! Бала – артта қалған із, Бақыт – ұзатылған қыз, Байлық – қолға ұстаған мұз, Дүниенің қызығы сіз бен біз! — дегендей, «сіз — біздігіміз» еш уақытта жоғалмасын. Екі жастың бақытын берсін, көре алмаған дұшпанкөз арамыздан кете берсін!

***
«Бала бақытын қыздан іздейді, Қыз бақытын түзден іздейді» деген екен дана бабаларымыз. Біздің қызымыз бақытын сіздің шаңырақтан іздеп тапты. Үлпілдеген үкіміз бізден өтті – сіздерге жетті. «Жібекті түте алмаған жүн етеді», — дейді. Жүн етсеңіз де, гүл етсеңіз де ендігі жауапкершілік жүгі — өздеріңізде, қадірлі құдалар!

***
Құрметті құда — құдағи! Сөзімнің бірінші бөлігін сіздерге арнағым келеді! Біздің еккен дәніміз пісті. Үйімді жарық еткен нұрым, жүрегімді тербеген жырым, ана жұмыртқасын жарып, ақ құсқа айналып, көрші бәйтерекке ұя салмаққа ұшып барады. Әлемде әке үшін өзінің қызынан асқан сұлу қыз жоқ. Ендігі кемдігін өзің толтыр, құрметті құда — құдағиым! Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, күнге күйдірмей, суыққа тоңдырмай бой жеткіздім, өсірдім. Ендігі жерде Еңлікгүлімнің сүйегі – менікі, еті – сіздікі. Менен — өтті, Сізге – жетті. Қыз бала — өзге елдің аманаты.

Өзге ел – Сіз үшін асырап — жеткерген көзімнің нұры, бауыр еті баламның ендігі жердегі тағдырын сізге аманаттаймын, құрметті құда — құдағи! Бұдан былайғы жерде обалды мен сауабы да, қызығы мен рахаты да Сіздің босағаңызда, құрметті құда — құдағи! Менің мәпелеп өсірген аппақ гүл — қызым! «Қыз бала – қонақ» деген осы. Маған өзіңе сөз арнау өте ауыр, қызым! Сені мұңайтқым келмейді, қуантқым келеді.

Өйткені өз қалауыңмен теңіңді тауып, бақытты сапарға шығып барасың. Мен осыны ойлап қуанамын! Бүгін жота басына қатар тігілген қос шыбықтарым – күйеу балам екеуіңе бар айтар тілегім: қараған ел қызығатын, қою көлеңкесі ел игілігіне асатын жемісті бәйтерекке айналыңдар. Ертең аппақ желегі желбіреп келін болғалы тұрған қызым, саған айтарым: сен де құдағилыққа жетіп, тілек айт! Бастарыңды — бұлт, бауырларыңды мұз шалмасын! (ана тілегі)

***
Үйіміздің сәні, әкең екеуіміздің аялап өсірген қызғалдағымыз, сүйікті де сүйкімді қызым менің! Кеше ғана «іңгәлап» өмірге келгенің де, тұлымшағың желбіреп жүгіріп жүргенің де, шашыңа ақ бантик тағып алғаш мектеп табалдырығын аттағаның да, жоғарғы оқу орнына түскенде «Мама, Папа! Мен студент атандым!» деп қуаныштан жүрегің жарыла сүйінші сұрағаның да – бәрі — бәрі де кеше ғана сияқты еді. Уақыт неткен жүйрік! Енді міне бүгін өмірлік серік — сыңарыңды тауып, ұядан ұшқалы тұрсын. Сені жат босағаға қанша қимасақ та табиғаттың талабы, өмірдің заңы осылай екен — қыз бала жат жұрттыққа жаралған. Айналайын қызым! Сен арқылы өрісіміз кеңейіп, жаңа жекжаттар тауып, құда — құдағи болып жатырмыз. Сен енді екі елдің арасындағы елшісің.

Алдыңда жаңа өмір, жаңа орта, жаңа туыстар мен достар күтіп тұр. Сол ортамен тіл табысып, үйренісіп, босағасын аттаған әулетіңе туған қызындай болып сіңісіп кететініңе сенемін. Өйткені осы күнге дейін папаң екеуіміздің берген тәрбиемізді зая кетірмей, жаман сөз келтірмей, сенімімізді ақтап, айналаңа, қоршаған ортаңа әрқашан сүйікті, сүйкімді болып жүрдің емес пе?! Менің тілегім — осы қалпыңнан айнымағайсың, күнім! Құдайым басыңнан бағыңды тайдырмасын! Бастағалы отырған жаңа өмірің бақытты, қызықты күндерден құралсын. Табалдырығын аттағалы тұрған босағаға жаңа басқан қадамың құт әкелсін! Әкең мен шешеңді қалай құрметтесең, атаң мен енеңді солай құрметтегін, күнім! Сыңарыңмен жұбың жазылмай, бақытты да тату — тәтті ғұмыр кешіп, өсіп — өніңдер. Бақытты болыңдар!

Дереккөзі: massaget. kz

Қыз ұзату тілектер ұзату тойына арналған тілектер

© Бата-тілектер дереккөзі

Тілек сізге ұнаса, достарыңызға бөлісіңіз?
Тілек құттықтау